Өмір – сынақ - стр. 25
Қуғын-сүргін
Мәскеудегі екінші күн. Таң. Қоңырау шалынды. Сережа мен Оля келіпті. Кіруге уақыт жоқ, төменге түсші дейді. Жылы ақ курткамды киіп, сыртқа шықтым. Екеуі де сұр-қара киімде. Мәскеуде қыс түссе, елдің бәрі қара түсті киімдер киеді. Үнемі. Мәскеудің экологиясы нашар. Қыста оған мұз қатырмайтын зат қосылады. Бұл көшелерге тонналап себетін тұз кристалдары. Қармен араласып, соған сіңеді де, жолдың бәрі қара қошқыл лай боп жатады. Жусаң, әрең кетеді. Аяқкиімдегі, көліктегі, ағаштағы, ғимараттағы, әрине, киімдегі дақтарын кетіру өте қиын. Суық жел соғып тұр. Достарым суықтан дірдектеп тұр. Түрлері де мәскеуліктерге тән сұп-сұр. Ал, мен күнге күйіп келгем. Бір-бірімізді көріп күлеміз. Қайсымыздың басымызға күн туғаны белгісіз. Мені құшақтап, қолыма конверт ұстатты. «Шамамыз келгенше. Мықты болыңдар».
Мемлекеттік қызмет бар уақытыңды сарп етеді. Астанада қызыма түк қарамаған екенмін. Есесіне енді қызыма күнде таңғы ас, түстік, кешкі асты қалауы бойынша пісірем. Бірге серуендеп, театрға баруға қол тиді. Бірге жапондық аниме көріп, асүйде әңгімелесетін болдық. Менің мәжбүрлі айдауда жүргенімнің бір жақсылығы сол еді. Біз баланы тәрбиелейміз дейміз, олар да бізге көп нәрсені үйретеді.
Күн сайын ғаламтордан қазақстандық жаңалықтарды қараймын. «Статистер ісінің» аяқталуын күтемін. Күн сайын бүгін біздің қуғында жүргеніміз аяқталар деген үмітпен оянатынмын. Бір күні қарашада менің үстімнен ашылған қылмыстық іс пен Интерпол арқылы іздеу салған жаңалықты оқыдым.
Енді амал жоқ Мәскеуде қалатындықтан, қанша уақытқа тұрақтайтынымды білмегендіктен, қалай өмір сүрем деп ойландым. Білетін, бұрынғы әріптестермен кездесе бастадым. Жұмыс керек. Бәрі жағдайды түсінді. Менің резюмеммен жұмыс табу оңай. Министрлікте, ірі компанияларға баруыма болады. Бірақ, іздеуде екенімді білген соң бірден бас тартады. «Бұл алдымен өзіңіз үшін қауіпті», – дейді.
Ресми түрде жұмыс табылмады. Ағылшыннан орыс тіліне аударма жасадым. Экономикалық сараптамалар жасадым. Достарым көп көмектесті. Қызымды мектепке жіберіп, аптасына екі рет Юля мен Филға қонаққа барам. Жолға екі сағат шығындаймын. Мәскеу үлкен қала, кейде жолға жарты күнің кетеді. Сондықтан жолда көбісі кітап оқиды, не телефон шұқылайды. Келгенше шаршап қалам. Фил Ресей азаматтығын алмаған, сондықтан үйден онлайн жұмыс істейтін. Соның кесірінен белі ауырып, үшеуміз солардың бір бөлмелі пәтерінде цигун жаттығуларын орындауға көштік. Күлкілі әрі көңілді еді. Олардың кішкентай қызы Соня «отырып жасайтын жаттығу» кезінде біресе әкесінің, біресе шешесінің арқасына мініп алатын. Мен оларға жарты жыл бойы барып жүрдім. Сосын олар Англияға көшті.
Күтумен кешкен ғұмыр. Күту ұзаққа созылды. Күндер, айлар, жылдар. Ғажайыпты күттім. Қазақстанның құқық қорғау органдары бәрін анықтар деген ғажайыпты. Соны жариялаған күні қызым екеуміз елге кетеміз деп күтуші ем.
Әсел: Бірінші сұмдық
Менің аз өмірімде өлгім келген екі жағдай болды. Мәскеудегі алғашқы екі ай – сондай ауыр кезең болды. Мектепке барғым келмейді деген жетінші сыныптан басталған қиғылығым сол күзде әншейін ойыншық боп қалды.
Қорқынышты түс көргенде денеңді зіл-батпан басып, бастырылып қала беретін, тұйық кеңістікте қап кететін сәттер болады ғой. Мәскеудегі алғашқы екі ай сондай ауыр болып өтті. Сол қорқынышты түстерді еске