Өмір – сынақ - стр. 2
Мысалы, 2001-жылы біз шаруа бір қап картопты алыстағы ауылдан қала базарына жеткізе алмайды деп жаздық. Ірі шаруа қожалықтарын құру керек дегенбіз. Ауылшаруашылық өнімдерін сақтау мен өңдеу саласын дамыту қажеттілігін айттық. Елдің жартысынан көбі ауылда өмір сүретінін, оларға да жұмыс қажет екеніне баса назар аударттым. Елдің өзгеше эксклюзивті таза өнім ұсынатын қауқары барын да көрсеттім: қазы (жылқының етінен жасалатын өнім), қымыз (бие сүтінен жасалады), шұбат (түйенің сүтінен жасалады), құрт (қатықтан жасалатын, ұзақ сақтауға лайықталған өнім), жент, қоспа (консервант қосылмай, ұзақ сақтауға лайықталған дәнді дақылдардан әзірленетін өнімдер). Осының бәрін қаптап, жарнамалап, шетелге экспортқа эксклюзив өнім етіп шығарсақ, экологиялық таза өнімге әрдайым сатып алушы табылады дегенді айттым. Егер Қазақстанның оңтүстігіне мемлекет қолдау көрсетсе, нитратсыз жеміс-жидек пен көкөніс өсіріп, бүкіл өңірлерді қамтамасыз ете алатынын ескерттім.
2000-жылы қысқамерзімді «Қазақстан-2010» стратегиясын жазу тапсырылды. Мен ол кезде салалық даму бөлімінің басшысы едім. Департамент директорына ғаламтордағы ақпарат пен статистикалық цифрларға сүйене отырып салалық даму стратегиясын жазуға болмайтынын айттым. Одан гөрі әр саланың мықты мамандарының тізімін жасап, әрбірімен жеке сұқбаттасу қажет екенін тілге тиек еттім. Департамент директоры – өзі кәсіби энергетик еді, әдеттегідей жылдам жауап берді: «Бәрін таста. Төрағаға қызметтік хат жаз», – деді.
Дәл осындай экономика секторын мықты білетін тәжірибелі мамандар мемлекеттік саясатқа өз үлесін қосады. Осындай жандармен ұжымдас болу мемлекеттік қызметте қалуыма көп әсер етті. Әбден шаршап, көңілім қалған кезде: «Нағыз кәсіби-реформаторлар қатары көбейген кезде елдегі жағдай өздігінен өзгереді», – деген сөздерді естуші ем.
Нағыз кәсіби мамандар былай таңдалды. Өз саласын бес саусағындай білетін жанашыр мамандарды танысам, соларға өзім хабарласып, сұқбатқа шақыра бастадым. Немесе сондай маманды білетін адамға хабарласатынмын. Сосын кездесуге барып, сол саланың ахуалын, проблемасын, қалай дамытуға болатынын сұрайтынмын.
Бірде сондай бір кездесуге егде кісі келді. Бұған дейін ол кісіні танымайтынмын. Бірнеше минут сөйлескеннен кейін үлкен кісі бетіме қарап: «Қызым-ау, саған мұның бәрі не керек? Сен отбасыңмен айналыссаңшы», – деді. Бірақ, менің табандылығымды көріп, өз саласы туралы әңгімелеп берді.
2001-жылы жаңадан тағайындалған, үшінші СЖА төрағасымен электронды үкімет моделін жасадық. Мен сонда да елдің дамуы үшін ең маңыздысы – салаларға керек инвестиция екеніне басымдық бердім. Кәсіби практиктермен жасалған сараптамаларды қайта тапқызып, қайта қарастырдық. Сол сараптамаларды графиктерге айналдырдық. Электронды үкіметтің Президентке жасайтын демонстрациясына қолдандық. Демонстрация кезінде менің блогымды көрсетпей тастады. Бірақ, оған бола алаңдамадым. Ең бастысы – жүзеге асыру деп ойладым.
Алайда қайтадан реорганизация басталып кетті.
Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі
Біздің елде мемлекеттік органдардың реформасы үздіксіз жүріп жатады. Мемлекеттік органдар жасақталады, сосын таратыла бастайды. 2001-жылдың күзінде кезекті реформа болды. Стратегиялық жоспарлау агенттігін жойды. Ел үшін жеткілікті стратегия жасалды деп есептесе керек.