Размер шрифта
-
+

Armanga bastar asular - стр. 2

Осы орайда, болашақтың білуі тиіс мәліметтерді атап өткім келеді. Қазақстан астаналарының тарихы да өте бай болған. Үш мемлекеттің: Батыс Түрік, Түргеш және Қарлұқ қағандықтарының астанасы Суяб қаласының іргесі негізізнен бесінші ғасырда қаланған. Орталық Азиядағы аса ірі қалалардың бірі Баласағұн (Ақтөбе) – Батыс Түрік қағандығының, Қарахан және Қарақидан мемлекетінің бас қаласы болған. Ең көне астаналардың бірі – Тараздың атағы V – VII ғасырлардың өзінде-ақ, Қытайдан Византияға дейін тараған. Тараз грек ғұламасы Птолемейдің картасына түсірілген. X-шы ғасырдан бастап Тараз Қарахан әулеті өкілдерінің астанасы, көп уақыт бойы экономикалық орталық, Ұлы жібек жолындағы жетекші сауда орны болған. Жазба деректерде «Бірінші қала» атанған даңқты Испиджаб (Сайрам) VII-ші ғасырдан белгілі. Күлтегін, Білге қаған тас ескерткішінде Тарбанд деген атпен жазылған Отырарды қалай ұмыт қалдыруға болады? IX– XI ғасырларда Сыр өңіріндегі Жанкент (Янгикент) Оғыздар мемлекетінің, ал Ертіс бойындағы Имақия қаласы Қимақ мемлекетінің өркендеген астанасы атанған. Дешті Қыпшақтың астаналары Орда Базар мен Женд, Ақ Орданың бас қалалары Сауран мен Сығанақ әлденеше рет қиратылып, қайта жанданған. Рузбехан жазбаларында (XVI- ғасыр) Сығанақ саудасы өркендеген, бау-бақшасы жайқалған, қазақтың бай қаласы ретінде аталған. Қазақ хандары Тұрсынның, Жолбарыстың, Рүстемнің, Абдолланың, Әбілғазының астаналары Ташкент қаласы болған. Қазақ хандығының астанасы Түркістан қаласының тарихи орны да ерекше мекен. Түркістан Тәуке, Қайып, Әбілқайыр, Семеке (Тәукеұлы), Әбілмәмбет, Сейіт, Есім, Болат, Абылай, Тоғай хан тұсында қазақтардың айбынды астанасына айналған. Шаһар жалпы түркілік мәнге ие еді. Қожа Ахмет Иасауидің есімі мен кесенесі оны Орталық Азияның діни астанасы – екінші Мекке мәртебесіне дейін жеткізгені мәлім. Бүгінде, сол қасиетті мекеніміз қайта жанданып, тамаша туристік орынға айналуда. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолдауымен бастау алған үлкен құрылыс жобасы жүзеге асырылып, болашақта жан-жақты дамыған туристік орталық болары сөзсіз.

Еліміз сан ғасырлар бойы арман еткен, тәуелсіздікке қол жеткізіп, дербес мемлекетке айналған соң, 1994 ж. соңғы екі ғасыр тарихында қазақ халқы тұңғыш рет өз мемлекетінің астанасы туралы батыл шешім қабылдады. 1997 ж. 20-шы қазанда ҚР тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Ақмола қаласының (1998 жылдың 6 мамырынан – Астана қаласы) Қазақстан Республикасының жаңа бас қаласы болғанын жариялады. Бұл шешім мемлекетіміздің жаңа бағытта, әлемдік деңгейде дамып, өркендеуінің ұлы бастамасы болғаны даусыз. Бүгінде ел астанасы білім мен мәдениеттің, бірлік пен таулықтың символы іспеттес әсем де, заманауи мекенге айналған. Әлемнің түкпір-түкпірінен ағылған жұртың жер кіндігінде орналасқан «Арман қаланы» көруге деген қызығушылығы жыл санап өсіп келеді. Кітап тақырыбының да «Арманға бастар асулар» атанауының себебі , дәл осы шаһармен тікелей байланысты.

Егер, адам баласы өсіріп жатқан жемісін тек қураған жапырақтарынан ғана тазартып отыратын болса, өсімдіктің күтімі дұрыс болар ма екен?-деген сұрақ мені де мазалап, қолыма қалам алған сәттен бастап, әрбір тіршілік иесінің тамырынан қоректеніп қана жайқалып өсеріне, тегіне қарап бой түзейтініне баса назар аудару қажет екенін тілге тиек етемін. Болашақ ұрпағымыз өзі шыққан тегін мақтан тұтып, түп-тарихымыздан нәр алып, ұлы елдің ұрпағы екенін мәңгі есте сақтауы тиіс деп ойлаймын. Сондықтан, қазақтың тарихи мәні бар, өркениеті мен мәдениеті дамыған көне қалалары жайында жас жеткіншек хабардар болуы тиіс деп, арнайы тоқтала кетуді жөн санадым.

Страница 2